Жаңалықтар / Шежіре

Керей атауы қайдан шыққан?

25245_655922_09Керей атауы қайдан шыққан?

Керей – арыдағы Ұлы Ғұн мемлекеті, берідегі Ұлы Түрік қағанатының түп мекені, кейінде Татар Даласы атауымен мағлұм болған кеңбайтақ үстіртте ежелден қалыптасқан іргелі тайпалардың бірі. Ескілікті Қытайдың “Цзинь шу” – “Цзинь тарихында”, миләди 284 – 287 жылдар оқиғасын баяндау барысында Ғұн ұлысының ұйтқысы болып тұрған он тоғыз арыстың қатарында “хэлай”, “хэйлан” дейтін тайпа атауы таңбаланған. Керей (керейт) деп айғақтайды ХХ ғасырдағы қытай ғалымдары. Ежелгі тарихнаманың айтуынша, кейінгі керей (хэлянь, цюйлянь) – шынында да көне ғұн жұртының тікелей ұрпағы. Бұл керей қаңлымен екеуі бір халық деп көрсетеді. “Батыстағы бөлігі қаңлы атанса, шығыстағы жұрты керей атанды”, – дейді. Яғни арғы заманда бұлар Қаңғалы (Теле–Гаогүй) бірлестігінің құрамында болды деген сөз. Сонымен қатар, зерттеушілердің байыбынша, кейінгі керей тайпасы, Керей патшалығы бұрнағы Түрік қағанатының сабақтас мұрагері болып табылады. “Олар халқының көптігімен, әскерімен және бағзы замандағы хандарымен даңқты болды”, – деп жазады Рәшид-әд-Дин. “Тайпаның түп атауы – керей, “д” (”т”) жұрнағы – көптік белгі, сондықтан да керейт атанды”, – деп жазған Ішкі моңғол оқымыстысы Сайшиял, ескілікті қытай деректеріне сүйене отырып. Керей (көпше, жинақты тұлғасы – керейт) атауының шығу тегі туралы әрқилы жорамал бар. Рәшид-әд-Дин келтірген аңыз бойынша, баяғы заманда бір патшаның жеті ұлы болыпты, бұлардың бәрінің де түсі кер, яғни құбақан екен. Бұл, қазақ тілінде күні бүгінге сақталған сын есім сөздің мағнасы – Рәшид-әд-Дин ұғындырғандай, қоңыр (орысша аударма бойынша «смуглый» – қараторы) емес, Әбілғазы-бахадұр-хан шежіресіндегі, «қоңырқай» мағнасында бүгінгі қазақ тілінде сақталған «баран» да емес (әлдебір орыс зерттеушілері бұл “баранды” сол қалпында, “баран”, яғни “қой” деп аударыпты), кәдімгі “кер” ғой – кер ат, кер-құла, қара-кер жылқы, кер бетеге, кер дала дегендей. Міне, осы кер түсті жеті ұлдың ұрпағы керей атаныпты-мыс. Кейінгі тарихшылардың пайымынша, керей есімі – бұл рудың әуелгі мекені болуға мүмкін жер – Саян тауларының терістік беткейінен бастау алатын Уда (біз қарастырған картада Ия) өзенінің арналы саласы Керей өзенінен туындаған. Әбден қисынды. Қытай деректері керейлер ҮІІ–ҮІІІ ғасырларда Байкөлдің батысы, Кем (Енисей) өзенінің бастау аңғарында қоныстанды деп көрсетеді. Осымен қатар, тағы бір тұспал. Кейінгі қазақта, тақау көршілері арғын мен найман әзілдеп, немесе қыжыртып айтатын сөз бар, керейдің атасы кер ит деген. Бұл лепес “керейт” нұсқасын тұрпайы талдау көрінуі мүмкін. Ал шындығында, қадым замандағы көшпенді қауым ұғымында ит айрықша құрметті мақұлық болған. Өзара тұқымдас ит пен бөріні қастерлеу және кие тұту миләдиге дейінгі ІІ–І мыңжылдықта далалық жун тайпаларында дәстүрге еніпті. Кейініректегі Ғұн мен Сәнбиде ит тұқымы қасиетті саналады. Соған орай, ежелгі түрік халықтарының әпсана, аңыздарында ит пен бөрі туыстас қана емес, синонимдес ұғым берген (мұның бір көрінісі – бүгінгі қазақтағы, “қасқыр” орнына қолданылатын эвфемизм – “ит-құс”). Баяғы алтын-әулеттің түп анасы Алан-Құбаның құрсағына шаңырақтың жабығынан түнде түсетін нұрлы сәуле әуелде сары жүзді кісі бейнесінде көрініп, ақыры, таң алдында сабалақ сары ит (тиесілі қазақ әпсанасында бөрі) кейпінде есіктен шығып кететін еді ғой. Мұнда да сол тұрғылас аңыз: керей кер иттен туған. Сары ит – кер ит. Бірақ бөржіген (бөржігіт) әулеті ит тұқымы емес, бөрі нәсілі саналады, яғни керей де бөрі тектес. Түптеп келгенде, бағзы бір заманда бөріден туған түрік әулеті жөніндегі аңызға барып тірелеміз. (Осы орайда Н. Аристов қазақтар айтады деп келтірген, “қырғыз қызыл иттен туған” деген сөз – кемісіту емес, арыдағы тектес әпсананың өз ортасында тәрік болған бір жаңғырығы деп білуге тиіспіз.)

Өзінше өмір кешкен тұтас бір патшалық

Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда теңіздей толқыған ұлан-ғайыр жұрттағы туыстас, қанаттас тайпалар ішінде керей мен найманның саны мол, айрықша қуатты, әрі өзіндік мемлекеттік құрылымы бар, қатарынан озық, бәсіре мәдениетке жеткен, ең көрнекті жұрт болғаны арғы-бергі барлық тарихта атап айтылады. Дамыған шаруашылық, қалыпты тіршілік өз алдына, ұлыстық құрылымға орай, белгілі бір деңгейдегі билік жүйесі, “Еке төре” атты ұлыстық заң үлгісі, мемлекеттік мөр, яғни таңбалы жарлық, нақты құжат негізіндегі ішкі-сыртқы қатынас тәртібі және үйреншікті жазу үрдісі қалыптасқан екен.

Керей (керейт) жұртының өзіндік рулық есімімен тарих сахнасында атаққа шығуы – Тоғыз-оғұз ұлысы ыдырағаннан (840) соңғы кезеңде. Осы замандағы қытай деректерінде Тоғыз-татар бірлестігінің құрамында татар, найман, меркіт руларымен қатар аталады. Бұдан соңғы, аумалы-төкпелі дәуірлерде Ұлы Даладағы қым-қиғаш соғыс, таңбалы тауарихтың бел ортасында жүргенін көреміз. Ал ХІ ғасырда жасаған араб тарихшысы Абуль Фарадж Шығыс жұрттарының шежіресін баяндай келе, 1007 жылғы елеулі оқиғаларға қатысты, “Ішкі Түрік елінің терістік-шығыс аймағын қоныстанған, Керей деп аталатын халық” туралы дерек береді, дербес патшалық болып тұрған бұл жұрттың ұзын саны екі жүз мың жан екен.

Бұл кезде керей бағзыдағы теле мен көк түріктің жарқа, бөлшектерін өзіне қосып алып, әбден іргеленіп, ежелгі түрік қауымының ордалы қонысындағы ең елеулі күшке айналады. Түрік қағанатына сабақтас мұрагер, қуатты ұлыс ұйыстыру мақсатында жаңадан құрылған, қытай жылнамаларында “Цзубу” деп аталатын, туыстыс рулар бірлестігінде жетекші орын алыпты. Татар, жалайыр, меркіт, найман, қият, басмыл және тарихи құжаттарда аты таңбаланбай қалған тағы бір тайпалармен тізе қоса отырып, жат жұрт басқыншылығына тосқауыл қояды.

Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда керей – Ұлы Даладағы ең үлкен, саны да басым тайпа болған. Ескілікті зерттеген кейбір орыс оқымыстылары ілкіде, XI ғасырда керейлер тоғыз жүз мыңның төңірегінде, яғни миллионға жуық болды деп біледі. Сірә, 1007 жылға қатысты нақты дерек – екі жүз мың (жан әлде шаңырақ) санының әсері. Біздің байыбымызша, заманында соншама болған күннің өзінде екі ғасырдан астам ұзақ уақыт бойы, әуелде қиданмен, одан соң шүршітпен, атадан балаға, немереден шөбере, шөпшекке жалғасқан, үздіксіз, аяусыз соғыстар нәтижесінде, үнемі жау бетінде, найза ұшында болған керей тайпасы кеңінен жайылып, үздіксіз өсе алмаған. Бірақ қашанда өз тұрғысынан озық. Бұл кезде, айттық, татар қауымы жетпіс мың шаңырақ, жалайыр жұрты да ілкіде, Келүрендегі қытай қырғынынан бұрын жетпіс мың түтін болыпты; найманның ұзын саны туралы нақты, немесе тұспал дерек жоқ, бірақ жалайырдан да, татардан да әлдеқайда көп болғаны күмәнсіз. Керей ұлысы да сол сияқты. Әлде сексен, тоқсан мың, әлде жүз мың шаңырақ деп шамалауға болады, есебі, кем дегенде үш жүз елу-төрт жүз мың жан. Ол заманның есебінде қисапсыз халық. Өзінше өмір кешкен тұтас бір патшалық.

Бұл кездегі керей қонысы да ұлан-байтақ. Батыста Қаңғай алқабынан – шығыста Кентейдің етегіне дейінгі аралық; терістікте Селеңгі өзенінің жоғарғы ағысынан – Келүреннің бастауына дейін, аралықта Орхұн, Толы өзендерінің ұзына бойы, орталық аймақтағы Оңғы өзенін өрлей келе, түстікте, ежелгі түрік Жасыл-өзен атаған Сары-өзен Хуаңхэнің үлкен иіні Ордосқа дейінгі қаншама жер. Керей ұлысының құтты ұйығы – біздің неше мың жылдық тарихымыздың куәсі, арыда Ұлы Түрік қағанатының берекелі байтағы болған Орда-Балық қаласы, кейінде Ұлұғ ұлыс ту тіккен Қарақорым қаласы орнаған Қатын-балық, ол екеуі де қирап, тозған бүгінгі күні Күл-тегін мен Білге-қаған ескерткіштері сақталып тұрған қасиетті Орхұн өзенінің бойындағы, айналасы ат шаптырым, қара топырақ, көк шалғынды киелі алқап екен. Керей хандарының бас ордасы үнемі осы өңірден аумаған. Құржақұз-Бұйрық хан Орда-Балықта отырды деп жазған Рәшид-әд-Дин. Байрақты жұрттың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы болған. Сонымен қатар, аңшылыққа айрықша мән берілген. Егіншілік жөнін де білген екен.

Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда керей (керейт) – қонысы кең, саны мол, орда көтеріп, ту тіккен дербес ұлыс қана емес, Татар Даласындағы ру-тайпалар ішіндегі ең дамыған, мәдениеті жоғары қауым саналғанын айттық. Көне түрік бітігінің орнын басқан, ғылымда ұйғыр-түрік таңбасы аталатын жазу нұсқасы қолданыста болыпты. Ұлыс ұжымы, ел басқару жүйесінде бағзы қағанат заманындағы ежелгі жоралар мен төре заңдары өз жалғасын тапқан сияқты. Жаңа замандағы зерттеушілер керей мен найманды Ұлы Түрік қағанатының бірден-бір мұрагері және қағанат үлгісін Шыңғыс хан империясына ұластырушы көпір болды деп біледі.

Керейлер Иса Мәсіхке иман келтіріп, шоқынған ба?

Рәшид-әд-Дин: «Керей жұртына Иса Мәсіхтің уағызы жеткен екен», – деп жазады. Сырттай айтылған деректерге қарағанда, Керей хандығының христиан дінінің нестор тариқатын мақұл көруі – XI ғасырдың бастапқы жылдары. Яғни, Шыңғыс хан заманы, дағдарыс пен күйреуден екі жүз жыл бұрын. Соншама уақыт бойы шоқынды болған сияқты. Керейден кейін, немесе олар да осы шамада, найман, меркіт, оңғыт рулары да нестор-христиан дініне көшіпті. Біз тарихта таңбаланған деректі түбірімен теріске шығармаймыз. Бірақ тұтас екі ғасыр бойы ұстанған дін халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына белгілі бір ықпал жасауы керек қой. Басқаны былай қойғанда, жаңа дінге көшу – адамдардың есімін жаңартудан басталады. Мәселен, христиан дінін күні кеше ғана зорлықпен қабылдаған түрік текті якуттар мен шыбаштар тұрыпты, ерікті славян нәсілі орыстардың өзінің аты-жөні бастапқы ұлттық тамырынан ажыраған, нәтижесінде әуелгілер қара Иван болса, бұлар сары Иван болып шыққан, ал мұсылманшылыққа көшкен біздердің есіміміз түгелге жуық араб-семит негізді. Керісінше, Шыңғыс хан заманындағы, екі ғасыр бойы шоқынды болды деген меркіт пен оңғыт, керей мен найманның ханынан қарасына дейінгі аралықтағы, таңба түскен ондаған есімнің ішінде ғайри дінге жанасатын, түріктік емес бір де бір кісі атын ұшырата алмаймыз. Дәстүр-салтында да бұрынғы түріктік, ежелгі көшпенді қалыптан тыс ешқандай бөгде сыпат көрінбейді.

(Шығыстағы көшпенділер арасында христиан дінінің айрықша өріс алуы туралы әңгіме – крест жорықтары кезінде тараған лақап; кейінгі, христиан қауымы әлемдік өктемдікке жеткен кездегі үстеме, рухани экспансия өткендегі жіптік түтінді қордалы қоңысқа ұластырды, жақын кезеңде түгелдей жанышталуға, одан қалғаны жаңа дінге көшуге тиіс жабайылардың аз-маз сана, түйсігі бар кейбір топтары бағзы заманда кәдімгі христиан болыпты-мыс! Мәселенің екінші бір ұштығы – бұл жұрт Иса Мәсіх ілімінен қуат алған себепті әлденендей мәдениетке жетті деген байлам. Айналып келгенде, осының бәрі – кәдімгі отаршылдық идеологияның тұрпайы бір көрінісі ғана.)

Сонымен, бұрынғы-соңғы Батыстың ғайри дін, астам пиғыл жетегіндегі оқымыстылары айрықша тұздықтап, қаттастыра айтатын мәселесі – меркіт пен найманның, керей мен оңғыттың нестор-христиан дінінің адал үмбеті болғандығы туралы байып, байламдар – отаршылдық қиялдан туындаған, түп дерегі шатқаяқ, ғылыми негізі тұрлаусыз әсіре дерек, артық лақап болып саналуға тиіс. Шет жұрттың жалаң сөзіне емес, осы ру-тайпалардың сол кездегі тіршілік кебіне, адамдар арасындағы қатынас, әрқилы оқиғалар тізбегіне қарасақ, мүлде басқаша қорытынды жасауға тиіспіз. Тегі, бір заманда билеуші топ әуес көрген жат ағымның аты бар да заты жоққа жақын, ал жалпы жұрт тек ежелгі тәңірі дінін ғана ұстанғаны көрінеді. Мұның тағы бір айғағы – кейінгі заманда бұл атаулы жұрттың ешқандай қарсылықсыз ислам дініне көшуі болса керек.

Біртұтас ұлыстық құрылым жолында

Ұлы Даладағы ежелгі түрік қауымының қайтадан ұжымдасуы кезеңінде Керей патшалығы Шыңғыс ханның ұлылығына ұйтқы болды. Түптің-түбінде біртұтас ұлыстық құрылым жолына құрбанға шалынды. Алайда, Шыңғыс хан мен Тоғрыл–Оң ханның арасындағы қантөгіс соғыстар кезінің өзінде керей тайпасының біршама бөлігі, жекелеген ірі тұлғалары болашақ ұлы қағанның жағында болғанын көреміз. Ақыры, керей жұрты үлкен қазаға ұшырайды, хандығы құлап, біраз халқы әр тарапқа бытырайды. Әйткенмен де көп ұзамай-ақ Шыңғыс хан ордасының өзінде әжептәуір ықпалға жетіпті. Және негізгі әскер құрамына қосылады. Қытай деректерінің айтуынша, 1204 жылы, Таян хан мен Жамұқа гөрхан бастаған қалың қолға қарсы аттанған Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігі – керей жұртынан екен. Атақты Сүбітай-бахадұрдың жеке мыңдығы керей мен найман, меркіттен құралған (“Юань ши”). Сонымен қатар, ағайынды Ширақұл (Сарықұл) және Тобұқа нояндар Шыңғыс ханның туының астында мыңбасы болған, осы дәрежедегі Дайыр-бахадұр Сартауыл жорығында айрықша көзге түсіпті. Ал Тоғрыл ханның батысқа ығысқан бір баласы (әлде немересі) Тайбұға Сібір хандығының негізін салады, бірақ ақыр түбінде ол да Шыңғыс ханның дәргейіне бас ұрып, кеңшілік алған.

Бұдан соңғы заманда керей төрт ұлыстың құрамында да көрінеді. Ежелгі тайпадан белгілі қолбасылар, бүкіл ұлыс тізгінін ұстаған атақты мемлекет қайраткерлері шығады. Мәселен, болашақ ұлы қағанды Темужін кезінен жақтап, ең қиын күндерде қасынан табылған керей Шыңқай Еке Ұлыста әуелі Шыңғыс ханның өзінің сенімді серігі, арнайы, аса жауапты шаруалар атқаратын ұлығы, одан соң, Өкетай, Күйік хандардың тұсында ұлыс бегі болған. Ал Марқұз-Бұйрық ханның немере қызы, Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бәйбішесі Сұрғақтан-бике бүкіл империя өміріне айрықша ықпал етіп отырған, әрі кейінгі, жарым дүниенің тағдырын шешкен төрт алып тұлға: Орталықта өкім құрған Мөңке мен Құбылай, Арық-Бұқа қағандар hәм Иранды жаулаған Құлағу ханның анасы болған.

Татар Даласындағы дүрбелең мен бұлғақ нәтижесінде шашыла тозып, қарасыны кемігенімен, арада жарым ғасыр өтпей қайтадан еңсе жазған керей тайпасы үлкен әскери қуатқа жетеді. Ұлы империя екіге жарылып, әуелде Құбылай мен Арық-Бұқа, оған жалғас Құбылай мен Қайду арасындағы қырық жылдық қырғын басталғанда Ұлы Даладағы, Дәшті-Қыпшақтағы керей, туыстас найманмен бірге, Арық-Бұқа қағанның, Қайду ханның негізгі жасақтарын құрапты. Кейінде бір бөлігі Моғұлстан шегінде, бұл тараптағы жетекші дулат тайпасымен бірге Әмір Темірге қарсы соғысады және ұзаққа созылған дүркін майданда айрықша қырғынға ұшырайды. Керейдің негізгі тобының ғұмыр кешуі Алтын Орда тарихымен байланысты. Қайткенде де елеулі, үлкен ру қатарынан шықпаған.

Иран мен Юань шегіндегі барлы-жоқты жұрты, ағайындас басқа да ру-тайпалар сияқты, заманнан заман өткенде түгелдей ассимиляцияға түседі. Тек шығу тегі бір Алтын Орда, Шағатай ұлысы мен Моғұлстан шегіндегі керейлер ғана өздерінің тілі мен әдет-ғұрпы, түпкі нәсілін сақтап қалыпты. Кейінгі хандықтар кезеңінде азды-көпті мөлшерде қырым-татар, сібір-татар, башқұрт, ноғай, қарашай, әзірбайжан, өзбек халықтарының құрамына құйылады. Керейдің жекелеген топтары бүгінде Алтайдағы, Еділдегі және екі Сібірдегі түрік текті халықтар арасында өз есімімен сақталған hәм арғы-бергі қалмақтың торғауыт руындағы азғана бөлшегі өз атымен аталады.

Ежелгі керей тайпасының ең үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей және жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жастабан (бұл жастабанның бір бұтағы андағұл және тұрғылас жәдік Орталық һәм батыс Қазақстан шегіндегі бірнеше рудың құрамынан бой көрсетеді, атап айтқанда, жәдік: сіргелі көңірдек, шапырашты шыбыл, найман төртуыл, қоңырат құлшағыш, шекті жақайым, шөмекей келдібай, байұлы масқар мен алтын, жетіру кердері мен жағалбайлы; ал андағұл: жалайыр шуманақ, дулат шымыр, найман көкжарлы, шекті есенәлі, шекті жанқылыш, әлім төртқара, шөмекей келдібай, шөмекей балқы, байұлы шеркеш, беріш байбақты құрамындағы атаулы сүйектер санатында). Ұлы Даладағы Азамат соғысы кезінде айрықша жапа шегіп, қисапсыз қырғынға ұшыраса да, уақыт оза келе әр тараптан тоғысып, қайта құрылған керей тайпасы ұлы жорықтар, одан соңғы түпкілікті қоныстану дәуірінде жаңғыра ұйысып, баяғы Батыс Түрік қағанаты, кейінгі Көк Орданың ұйықты, құт қонысын бауырына басқан жаңа ұлыс – Қазақ Ордасының құрамына ежелгі есімі, дүрмекті тобымен қосылғанын көреміз.

Керей жұртынан шыққан белгілі тұлғалар кімдер?

Ежелгі керей тайпасының кейінгі қазақ ішіндегі ең үлкен, атаулы табы – абақ, ашамайлы, керейіт руларынан шыққан белгілі тұлғалар біршама, атап айтқанда: XVIII ғасырда жасаған Байжігіт күйші, XVIII ғасырдағы атақты қолбасы, Керей Ер Жәнібек, қолбасы Шұбарайғыр Қожаберген батыр, XIX ғасырда жасаған азаттық жыршысы Нысанбай, күйші Бейсембі би (Бежең), сазгер Сегіз-сері, әнші композитор Біржан-сал, XX ғасырда жасаған, Шығыс Түркстанның дербестігі үшін әрқайсысы өз жолымен күрескен Оспан батыр мен Дәлелхан генерал, Советтер билігі тұсында жасаған, еңбек еткен: мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасов, ұзақ уақыт Қазақ республикасын басқарған, әуелде екінші хатшы, кейінде бірінші хатшы болған Жұмабай Шаяхметов, жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, тарихшы Манаш Қозыбаев, мүсіншілер Хакімжан Наурызбаев, Төлеген Досмағамбетов, суретші Қанапия Телжанов, әнші Ермек Серкебаев, композитор Еркеғали Рахмадиев және жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин…

Тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» романынан ықшамдалып алынды. Дайындаған Бопай ханша.


4 пікір

  1. kazhymurat says:

    ҚАЖЫМҰРАТ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ,

    «КЕРЕЙ» ЖӘНЕ «КЕРЕЙТ» ЭТНОНИМДЕРІНІҢ ШЫҒУЫ МЕН ЗЕРТТЕЛУІ ХАҚЫНДА

    Еуразия кеңістігінде “керей” атауы ежелден бері кездеседі. Венгер ғалымы Ю. Неметтің “Керейт, керей, гирей” атты мақаласында, бұл этноним Алтайдан Венгрияға дейін таралғанын айтады [1, 100 б]. Керей қазақта орта жүзде, кіші жүз жетіруда керейт, найман-матайда қара керей болса, түркменде, өзбекте, башқұртта керейлі, керей, герей, крей атаулары кездесе. Адам есімдері ретінде: Керей хан, Керей, Ахмет Керей, Махмұт Керей, Қажы керей, Керей (хылей) атуларыменде тарихта белгілі. Керей этнимологиясының нақты атауын беріу,оған жүйелі талдаулар жасау өте маңызды болып отыр. Негізгі дерктерге сүйене отырып, тарихқа жаңаша көзқарастармен қарау арқылы «керей» сөзі мен оның шығуы жөнінде жаңаша ойлар қалыптастыру зерттеуімізге негіз болады. Тақырыпта негізінен керейлер жайында жазылған негізгі деректер көрсетіледі. Сонымен бірге осы жайындағы зерттеушілердің пікірлері мен олардың тұжырымдамаларыда қарастырылған. Осы негізде «керей»сөзінің зерттелу тарихының маңыздылығын атап көрсету маңызды.
    Қазақстан өз егемендігіне қол жеткізіп,тәуелсіз,дербес мемлекет болып қалыптасқаннан бері өз тарихын қайта зерттеуді қолға ала бастады. Нәтижесінде көптеген мәлметтерге қол жеткізді.Солардың бірі қазақтың негізін құраған ру-тайплардың генеологиясын зерттеу болып таблады. Осының негізінде «Алаш тарихи зерттеу орталығының» шығарған «Қазақ ру-тайпалрның тарихы» атты көп томдық негізінен бұрынғы зерттеулердің ізін жалғастырушы еңбектердің қатарына жатады.Бұл саланы зерттеуде отандық және шетелдік ғалымдар көп тер төкті. Ал қазіргі таңда осы бағытта көптеген іс шаралар жаңа бағытта және жаңадан қолданысқа енген деректерге сүйену арқылы талданып, зерттеу айырықша қолға алынды.Енді осы жөніндегі негізгі деректерге көңіл бөлсек.
    Керей атауының қайдан шыққанын, керейлердің кім екенін, қандай ел болғанын біз орта ғасырлық қытай, парсы, араб, моңғол, түрік жылнамаларынан, сонымен бірге осы деректерді негізге ала отырып зерттеген орыс, неміс, француз, қытай, қазақ, жапон т.б ғалымдардың еңбектерінен біле аламыз. Қытайтанушы және тарихшы ғалымЖ.Ошанның айтуынша, “Цзинши”(Цзин натшалығының кітабы)кітабында Керей хандығының XII-XIIIғ.ғ аралығындағы саяси тарихына қатысты аса құнды мәлметтер болса, “Юань чаоби ши” атты кітаптың бізге жеткен нұсқасы 1368-1399ж қытайша эроглифпен жазылған,бұл керей хандығын зерттеудің бірегей нұсқасы, ал У гуанченнің “си ся шу ши” атты еңбегінде керей хандығының таңғұт елімен қарым-қатынасы айтылады.[2,4-5 б] Мұсылман деректерінің алатын орныда өте зор. Оның ішінде ең бастылары А.Жувейнидің “Тарих-и джахан-гушай”, Ф.Рашид ад-дин “жамиғ ат-таварих” еңбектері елеулі орын алады.Сонымен бірге М.Қашқаридың, Тарих әл-маруазидің, Әбілғазының еңбектері аталады. Итальян жиһангезі П.Карпинидің “Моңғол тарихы”, француз Г.Рубрук “шығысқа саяхаты”, Марко Полоның “Саяхатнамасы” қатарлы еңбектерінде тақырыпқа қатысты деректер сақталған.Кейінгі зерттеушілер осы дерек көзіне сүйенеді.
    Моңғол тарихын зерттеу Еуропада XVIII-XIXғ басталды. Ең әуелі француз ғалымы Ж.Дегиньді, екінші француз ғалымы К.Доссоның әйгілі еңбегі 1824ж баспадан шықты. Ағылшын ғалымы Х.Ховорс 1888ж “Моңғол тарихы” еңбегі жарық көрді.Бұлардың ізін жалғастырушы керей этногенезін зерттеуші шығыстанушы П.Пельон болды. Р. Груссе өзінің “Дала империясы”, “Моңғол империясы”, “Шыңғыс хан жаханды жаулап алушы” атты еңбектерінде керей хандығының тарихына қатысты аса құнды мәлметтер жазды.Сонымен қоса Л.Гамби, Э.Блоше, Ф.Обэн, Ж.Ришар, Л.Базен, кейіннен Дж.А.Бойла.Моуле еңбектерімен жалғасты. Ресей ғалымыдары Н.Я.Бичурин, П.И.Кафаров, А.М.Позднев алғаш болып қытай деректерін аудара бастады.Кеңес үкіметі кезінде олардың жолын жалғастырған С.А.Козин “Юань чао би ши” кітабын аударуды одан әрі жалғастырды.Мұндай жұмыстың қатарын Б.И.Панкратовта атқарды.Керейлердің этногенезіне қатысты аса құнды пікірді Г.Н.Потанин алға қойды.Патшалық ресейде әйгілі ғалым В.В.Бартоьд еңбектерінде де керей атауы кездесті. Б.Я.Владимирцов, В.В.Радлов, Н.А.Аристовтар керейлердің тілі мен шығу тегі туралы алтынға бергісіз мәлметтер келтірді. Бұларды Л.Н.Гумилев, Е.И.Кчанов, А.Қ.Камаловтр жалғады.Еліміздің қытай танушы ғалымдары қытай деректерін түп нұсқадан пайдалана отырып жекелеген дәуірлерге қатысты деректерді жинақтай бастауы 60 жылдардан басталды. Олардың қатарына Ю.А. Зуев, А.Ш.Қадырбаев, К.Ш.Хафизова, А.Қ.Камаловтар болды. Керейлердің этногенезі, тілі ,тарихи мәселелері туралы отандық ғалымдардыңда үлесі зор. Олардың қатарына Ш.Құдайбердіұлы, М.Тынышбаев, С.А. Аманжолов, Ш.Уалиханов, Ә. Марғұлан, М.Аманжолов, С. Мұқанов, М. Мұқанов, Х. Арғынбаев, В.Восторов. М.Ақынжанов, Б.Еженханұлы, З.Қинаятұлы, Н.Мыңжан, сонымен бірге Нұрмағамбетұлы, А.Абдрахманов, Ж.О.Тектіғұлдардың қазақ ту-тайпаларының этнонимін зерттеді және керейлерге қатысты көлемді еңбектер жазды.Бұл зерттеулер отандық тарих ғылымын алға жылжытты. Мұндай зерттеулерден жапондық ғалымдарда қалыс қалмады.Олар өткен ғасырдың бірінщі ширегінде араласа бастады. зерттеушілердың алғашқыларының бірі болып Маеда Наунори табылды.Ол өзінің “X ғ тоғыз татар”, “моңғол тайпасының бас көтеруі және керейлер” атты мақалаларында керейлер туралы айтса, Мураками Масацугудің “Моңғол империясы құрылудың алдындағы көшпенді тайпалар” деген еңбегі мен Сакурай Масуоның “Керей туралы зерттеу” деген еңбегін көрсетуге болады.[2,6-7 б]Бұл еңбектерден түркі және моңғол тайпалры жайындағы негізгі мағлұматтарды ала аламыз.Сонымен бірге “керей” тайпасы жайындағы, олардың этногенезі мен өмір сүруі жөніндегі соңғы болжамдар мен тұжырымдар айтылған.Осы ғалымдардың айтқан ойларын қарай отырып біз жаңа ойлар туындатамыз.
    Керей этнонимінің шығуы жөнінен және қолданылуы жағынан бізгедейін сан қилы атаумен тілдік және дыбыстық жағынан өзгеріске ұшырап келген белгілі бір тайпа атуы немесе сол тайпаның көсемінің атымен байланысты болуы мүмкін. Ал түркі тарихына бажайлай қарайтын болсақ көптеген тайпалар мен рулардың,ұлттар мен халықтардың аттары сол этностың өзін қоршаған табиғи ортаға,географиялық нысанға байланысты болып келеді[3.54б] Орхон – Енисей жазбаларын зертеушілердің бірі Қаржаубай Сартқожаұлының “Ана тілі” апталығына ұсынған қолжазбасында Керлін өзені және ол өз басын алатын «Кентай» тауына қатысты пікір келтірген. Онда көне түркі жазуларыда бұл қос жер аты “кейре” түрінде көрініс бргенін айтады.Ал Керлін алқабы ежелден керейлердің түп-тегі тоғыз байырқулар мекендеп келе жатқан жер дейі. Олар бірде “Тоғыз байырқу”, бірде “Тоғыз оғыз”, бірде “тоғыз керейлік”, одан соң “керейлер” болып өзгерген сияқты дейді.[4,32 б] Керейт сөзінің түбірі “кер” және “ейт” аффикстерінен құралған.Орта ғасырда қазақ халқында “кер” сөзі жиі кездседі.Мысалы, түркі халқтарының бәріне тән эпос “Кероғлы”, Жамбыл обылысындағы Шу-Кербұлақ, Монголия мен Қытайдың териториясындағы Керулен (кер-олен) өзені, Алматы обылысындағы Кербұлақ ауылы. Ал айт және ейт қазақ тілінде сөз тудырушы жұрнақ ретінде кездеседі.Мысалы, аз-айт, мол-айт, көб-ейт, кең-ейт, тар-айт т.б. Кер сөзінің орысша нақты мағнасы “высокомерие” деп айтылады. Қазақ тілінде жеке адмға, тұлғаға керадам деп мінездеме береді, ал ол дегенімі “парасатты, жоғарғы деңгейдегі, ақылды адам” дегенді білдіреді [5.216б] “Керей” термині шығуы жайында ғалымдардың пікірлері әр түрілі және жан жақты болып келеді.Қытайлық деректер керей этнониміннің “кэле”, “кайле”, “кэле-и”, “целе”, “цели-и” деген транскрипиялар ұсынылған.Бұл транскрипция “керей” деген сөздің арты қосымшасыз жазылған қытайша транскрипциясы.Соған қарағанда қытай деректері бұл мәлметті керейлердің өз аузынан естіп транскрипциялаған.Қытай деректерінде керей елін “сары ел” деп те атаған.Мұны таңғұт молаларынан табылған “сары татар елі” деген жазулар жазылған ескерткіштердің сынықтары анықтайлы.Керей этнонимінің түбірі болған “кері”деген сөздің түрік-моңғол тілінде “дала”деген мағнасы болған.Моңғолдық әдебиеттер оны “хээр” деп жазған.Сол сияқты “сары” сөзінің де “дала” деген мағнасы бар[2,14 б] Ал парсы тлінде “кәре” (кере) деген сөз кезігеді, мағнасы “сары май” [6,323 б] XIIIғ жарияланған Араб-түрік сөздігінде “керейағ”сөзі келтірілген, орысша аудармасы- “сливочное масло”, қазақша-сары май ретінде келеді [7,142 б].М.Ақанов: “Керей тайпасын яғлақар (мағнасы май,парсыша: кере) мен сиыр (ұд) руларының қосндысынан құралған ‘этнос деп қабылдаған орынды.Олай болса “керейт” атауы да екі сөздің-кере+ұд-біріккен термині” дейді[8,23-27б] Әр түрлі деректерде “керей” атауының берілуі он шақты аталым екені көрінеді.Мысалы:кэ-ле (Бичурин),кіле(Н.Мыңжан),хээрэит(Ш.Уалиханов), кереит, керей, херей (Г.Е.Грумм-Грижемайло), кирей (өзенН.А.Аристов), керлин(өзен Ә.Нұрмағамбетұлы), хэрэйт (В.В.Бартольд), кари (Березин), хэрэт (Рашид ад-дин)деп келтіріледі [9,51 б] “Керейттің мағнасы- «қара» ,«баран» деген.Бір кісінің жеті баласы бар еді, барлғыда қара блды, сондықтан оны керейттер деп атап кетті” дейді Әбілғазы өз шежіресінде. [11.41.б ]Сонымен бірге осы еңбектегі дерек көздерінің бірі болған Рашид ад-диннің “жамиғ-ат тауарих” атты еңбегінде де “керей” сөзін “кер”, “қара” деп атай келе “керей” тайпа атауы екенін, одан тек хандар шыққан ру екенін және басқа тайпалар осы руға бағынғанын айтады[12,14-128 б] Орта ғасырлық жазба деректерде – «Маңғолдардың құпия шежіресі», «Моңғолдардың алтын тарихы» сияқты кітаптарда «керей» атауы «керейт» түрінде де берілген.Ал «Иуан патшалығының тарихында», «кіле», «хыле», «клейі», «хлейы» деп жазылған.Ал мұндағы «Хылей»атауы адам аты ретінде «Таң патшалығының көне тарихында» кездеседі.Онда Хылейді Керіннің баласы Хылей қаған атанған [13,157 б] Парсы және түркі шығармалары «жамиғ-ат тауарих», «Шежиреи турки» сияқты кітаптарда «керейт» түрінде кездеседі .Көне түркі тілінде «т» қосымшасы көпше түрдегі қосымша ретінде «лар», «лер» ретінде қолданылады.Яғни , «керейт»- «керейлер» деген сөз.Сонымен қатар З.Қинаятұлы «кереи» бұл «керейт» сөзінің түбірі, ал «т» Моңғол-Туунгусша көптік жалғауы екенін айтады [14,46 б] “Керей” тауының нақты қандай мағна беретінін дөп басып айту қиынға соғады. Дегенменде Рашид ад Дин мен Әбілғазының “Керей” сөзі “Қара” және “баран” деген түс атауларына орай олардың айтқандарымен келісуге болады.Себебі бұл сөздің түп тамыры “кер” атауынан шығып отыр. “Кер” қара мен сұры түстердің арасында қалыптасқан “кері” түсімен сәйкес келеді.Ондай атаулар қазақ халқында: кер бие, құлагер (құла кері), кер айғыр т.б Халық ертегісінде Кер құла атты Кендебай есімдері кездеседі.яғни керей (Хылей) тарихта белгілі бір тұлға атауына сәйкес шыққан.Олардың түстерінің қара болғанын байқауға болады.Олардың шығуы жайында деректер сан қилы және әр түрлі болып келеді. Моңғол тарихшысы Г.Сухбаатардың айтуынша, элянь(хэрээд) атауы хұндар мен сәнбилердің аралс некесінен туылғандарға берілетін болған делінеді [9,214 б] Қытай трихшысы Б.Сайшаал “ханзулардың керейттерді “хэнли” деп атауының түп төркінінде олардың қаңлылармен туыстық қандастғының сыры жоқ па?деген жорамал ұстанады [9,216 б] Крейттің үйсін текті екені жайындағы болжам тарихта жаңалық емес.Бұл туралы кезінде Н.Аристов, Г.Потанин, Г.Грумм-Гржимайло, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Марғұлан еңбектерінде және Шыңжанда “Қазақ шежіресінде” де айтылады.Керей шежіресін зерттеген Г.Н.Потанин керейлерді сары үйсіннен таратып, дилиндердің шығыс тармағымен туыстастырады [13,670 б] Ал Грумм-гржимайло: Керейлер “Жоңғар үйсіндерінің ұрпағы болуы әбден мүмкін” дейді [14,423 б] Аталған еңбегінде Абақ керейдің 12 атасының шығу тегі туралы А.Белослюдовтың (“Зап.Семипалат.подъотдела 3.-Сиб.отд.и русск.еограф..общ.,”, 1915 X, с.8) белгілеп алған мынандай хикят келтіреді.Керей сөзінің шығу тегін Найманның інісі Абақтың 12 ұлынан таратады.Олардың алтауы қалмақтардың қолынан қаза тауып ұрпақ қалмаған соң,жесірлерді күйеуге шығарып,олардан туылған балаларды Керей болмай тұра,керей аталып кеткен көрінеді. [15,44 б] Керей ұрпақтары моңғол арасында қазірге дейін кездеседі [16,8 б] Потанин өзінің “Тангутское-Тибетское окраина Китая и Центральная Монглия.т1” атты еңбегінің 103 бетінде Ихи және Бага-Хереит(Үлкен және Кіші кереит)екі рудың аты аталады [15..45.б] М.Тынышбаев болса монғол тарихшысы Санан-Сесенаның еңбегіне сүйене отырып Шыңғысхан кезінде моңғолдар үш топқа бөлінген: 1) Еке-монгол(ұлы монголдар), 2)Cу-монголы немесе татарлар(маңғыт, ұңғыт, чурыт), 3)кереи боғаннын атап көрсетеді [17,48 б] Жалпы алғанда керейлерді моңғолданған түркі тектес тайпалардың қатарына жатқызуға болады.Себебі олар антропологиялық бейнесі жағынан моңғол нәсілділерге жатса, тілдік құрылымы жағынан түркілерге жатқызуға болады.Бірақ моңғолдар мен түркілердің бір халықтар екенін айтушыларда бар.Дегенменде монғолдар мен түркілерде көшпелі тайплар ,ал керейлер екеуінің арасынан шығуы әбден мүмкін деуге болады. “Керей” және “Керейт” тайпаларының шығуы жөніндеде пікірталастар жеткілікті.Солардың біразына тоқталсақ. «Керейлер керейттердің тікелей ұрпағы емес , себебі өзбек арасында да, қазақ арасында да Кереит, Керей деген екі тайпа бар.Керей (Хиреид) атты тайпа Кундров татарлары және алтайлықтар мен уранхайлықтар арасында кездеседі.Ал Буряттрдың арасында халха жерінен XVIIIғ басында Байкалдың арғы жағына қоныс аударған Убур-Керей деген ру бар» дей келе: «Сөз соңында айтар болсақ», дейді-З.Қинаятұлы: қытайдың «Цзинь-Ляо-Юань-Сань-Ши-Юй-Цзе» ( «Ляо, Цзян, Юань әулеті тарихында кездесетін жат атаулар турлы анықтамлық сөздік » ) – те Керей мен Керейттерді бір тектес халық деп есептемейді.Император Еңке-Амгулаң (Цянь-Лунь)мекемесінің рұқсатымен ғылыми комитет бастырып шығарған бұл анықтама Керейлерді Цуй-линь,ал Керейттерді Кэ-Лэ (Хэрэ) деп бір бірін ажыратып атаған» дейді [15,15 б] Қорта келгенде “керей” “керейт” атауларының түбірі бір деген тұжырымға келуге болады.
    Біріншіден, екі атаудыңда бесінші әріпіне дейін бірдей аталуы, ал “т” жұрнағы монғол – тунгустарда көптік жалғауы екені жоғарыда айтылды.
    Екішіден, З.Қинаятұлының айтқан сөздігінде “керей” “керейт” атаулары бөлек тайпалар ретінде кездесе беруі мүмкін.Себебі бұл сөздік жазылмай тұрып керейттер керейлерден бөлініп шығып “керейттер” деген көпшілік атау алған болатын.
    Үшіншіден,керейлер және керейттер әр халықтың құрамында кездеседі.Бұлай болуының көбіне үлкен соғыстар әсер еткен.Әсіресе Шыңғыс ханның жорықтары және жүргізген саясаты.
    Сөз соңында айтар болсақ Керейлер мен Керейттер қазірде өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының негізін құраған тайпалардың бірі ретінде айтылады және бірегейі болып саналады.Олардың бір тектес екенін бір-біріне ұқсайтындығын олардың тілі,діні,салт-дәстүрі ,антропологиялы бейнесі т.б. анықтай түседі.Жалпы алғанда екеуіде көшпенділікпен айналысқан,ал көшпенділердің түбі бір түркі халқы.Жоғарыда айтып кеткеніміздей «Керей» немесе «Керейттер» хундардың кезінен бастап өз жалғасын тапқан.Керейлер қазақ хандығы тұсында да ауқымды ел болып қазақ хандығын құраған тайпалардың бірі болған.Сонымен бірге Жоңғар шапқыншылғы кезінде де алғашқылардың бірі болып жоңғырларға қарсы ұрыс салған болатын.Себебі керейлер қоныстанған аумақ жоңғарлардың шекарасында болды. Тәуке ханның тұсында үш жүздің пірі,рухани жетекшісі Керейттерден болғандығы тарихтан белгілі.Ең бастысы қазақ ру-тайпаларының түбі бір екенін есте ұстау,оны келешек ұрпаққа дәріптеу. Осы арқылы еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болып,босағасы қатайа түсері даусыз. «Еліміздің болашағы жастардың қолында» дегендей, олрдың бір жұдырықтай жұмылуыда тегіміздің бір екенін білуден туындайды .

    Пайдаланылған әдебиеттер
    1. Андреев.Н.Г.Описание Средней орды киргиз-кайсаков.-Алматы:Ғылым,1998.- 280ст
    2. Ошан.Ж.Керей хандығы қытай деректерінде(X-XIIIғ) т.ғ.к алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты-Алматы.2010ж
    3. Қайдар Ә.,Оразов. М. Түркітануға кіріспе. – Алматы: “Арыс” .2004-360б
    4. Мэн Нань.Керей ұлысы мен таңғыт мемлекетінің қарым-қатынасы туралы//Қазақ өркениеті. “Қайнар” университеті.2005ж.№1.32б
    5. Данияров.К. История отечества.-Алматы:Иль-Дан,2000-540стр
    6. Жеменей.И.Қазақша-Парсыша және парсыша-қазақш сөздік,-Алматы,1994.-368б
    7. Курысжанов.А.К.Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника XIIIв. “Тюркско-арабского словар”-Алма-ата.1970.-234стр
    8. Ақанов.М. “Керей”, “Ашамайлы” және “Абақ” этнонимдері туралы//Қазақ тарихы.№3.2007.
    9. Байсарина.Қ.Керейлер:Этникалық тарихы.-Семей.-1998ж.-51б
    10. Қазақ мемлекетінің тарихы(ежелгі және ортағасырлық кезең).Монографиялық зерттеулер.-Алматы: “Адамар” ЖШС,2007.-432б
    11. Әбілғазы.Түрік шежіресі.-Алматы:Ана тілі.2006ж.-200б
    12. Рашид ад-дин.Сборник летописей.т.1,кн.1.-М-Л.,1952.с14-128
    13. Мыңжан.Н. Қазақтың көне тарихы.Алматы:Жалын,1994.-400б
    14. Потанин.Г.Н.Северо-Западная Монголия.вып.2.1881.с.670
    15. Грумм-Гржимайло Г.Н.Западная Монголия и Уранхайский край.Т.3.вып.2.-Л.,1930.с.423
    16. Қинаятұлы.З. Маңғолиядағы қазақтар.Алматы.Дүн.жүз.қазақ.қауым., 2007. 2 – кітап. 256 б
    17. Разумов.Сосновский.И. Население,значение рода у инородцев и ламаизм в Материалах комиссии для исследования землевладениея и землепользования в Забайкальской области .VI,с.8.
    18. Тынышпаев.М.История казахского народа: Учебное пособие.-Алматы: «Санат»,1998,-224стр

  2. ғазиз says:

    атақтылар тізіміне неге ордабасы толыбай сыншы оның ұлы батыр-елімайдың авторы қожаберген кірмей қалған

  3. Амир says:

    Керейлер,Наймандар,Арғындар еш уақытта Монголия жерінде тұрған жоқ!!!ОрхонЕнесей жазында жазылған жазуларда аталғанмен,олар монголияға қатысы жоқ.СК жазылған ХараТунь,ол Қаратүн өзені Павлодар дағы қызылжардағы Қаратүн деген жер! Оны 17ғасырда орыстар жазуынан оқуға олады,ал ШираКерей көлі қазіргі Шира көлі Хакас жерінде!!!

  4. сураган says:

    керей улы халык барлык жерде болды

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*